Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов кәсіби мансабындағы маңызды белесті бағындырды. Үш дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері бұл жолы Дубайда өтіп жатқан IBA нұсқасындағы әлем біріншілігінде (71 кг) алғаш рет финалға жолдама алды.
71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіповтың қарсыласы Қырғызстан боксшысы Ихтияр Нишонов болды.
Қарағанды облысының тумасы алғашқы раундтан-ақ өз деңгейін көрсетті. Абылайхан қашықтықты тамаша сезініп, қарсыласына жақындауға мүмкіндік бермеді. Үнемі алда жүріп, дәл әрі көпқырлы шабуылдарымен Нишоновты қыспақта ұстады.
Раунд қорытындысы бойынша қазылар бірауыздан қазақстандық боксшының басымдығын мойындап, есепті 5:0 деп жазды.
Екінші үш минуттықта Абылайхан тактикасын сәл өзгертіп, контршабуылға көбірек сүйенді. Қарсыласының алға ұмтылған шабуылдарын дәл қарсы соққылармен қайтарып отырды.
Раунд ортасында Жүсіповтің нысанаға дөп тиген ауыр соққысынан кейін Ихтияр Нишонов теңселіп, тіпті құлап түсті. Дегенмен рефери бұл эпизодта нокдаун тіркемей, есеп ашқан жоқ.
Соған қарамастан раундтағы айқын басымдық тағы да Абылайхан жағында болды – қазылар алқасы екінші раундты да 5:0 есебімен Жүсіповтің пайдасына жазды.
Шешуші раундта жекпе-жектің жалпы көрінісі өзгерген жоқ. Қырғызстандық боксшы есепті теңестіруге тырысып, алға қарай көбірек қысым жасағанымен Абылайхан жылдамдығын жоғалтпады.
Қазақ боксшысы қарсыласының шабуылдарын дер кезінде алыстан қарсы алып, артық тәуекелге бармады. Жекпе-жек соңында қазылар алқасы бірауыздан шешім шығарып, жеңісті Абылайхан Жүсіповке берді.
Айта кетейік, Абылайхан Жүсіпов бұған дейін үш мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған: