10 000 тг

Лицензия №23019645 от 06.09.2023

300 000 тг

Лицензия №24358082 от 25.07.2024

Реклама
Реклама

Титулға бір қадам! Рахмонов пен Алмабаевтың бапкері мәлімдеме жасады

Сарапшы, спорт журналисі
05.01.2026, 08:17

DAR Team бас бапкері Эдуард Базров екі файтердің болашағына қатысты пікір білдірді.

Vesti.kz

DAR Team бас бапкері Эдуард Базров UFC-де өнер көрсетіп жүрген шәкірттері — Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың чемпиондық жекпе-жектерге қаншалықты жақын екеніне қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Kendala TV YouTube-арнасы хабарлады. 

Базровтың айтуынша, қазақстандық екі файтер де чемпиондық белбеуге өте жақын.

«Шавкат титулдан бір қадам жерде тұр. Ал Асу — ең көбі екі қадам қашықтықта. Екеуі де чемпиондық айқастардың табалдырығында», — деді бапкер.

Асу Алмабаев үшін келесі жекпе-жек 1 наурызда Мехикода өтеді. Ол UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен айқасады. Бұл кездесу UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегі болады.

Айта кетейік, бұл Асу Алмабаевтың UFC-дегі екінші басты жекпе-жегі. Қазақстан тарихында отандасымыз екінші рет UFC кардында негізгі айқас өткізгелі жатыр. 

«Морено — өзін дәлелдеген чемпион, UFC-де үлкен жолдан өткен өте тәжірибелі файтер. Бұл — аса ауыр сынақ», — деді Базров.

Осыған байланысты Асу Алмабаев 9 қаңтарда Алматы маңындағы таулы аймақта оқу-жаттығу жиынын бастайды. 22 күндік толыққанды дайындықтан кейін команда Мексикаға ұшып, сол жақта шамамен бір ай жаттығады.

Рейтинг және бәсеке

Қазіргі таңда Асу Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесінде 7-орында тұр. Базровтың айтуынша, бұл — титул айқасына өте жақын аймақ.

«Топ-10 — бұл ең мықты файтерлер. Бірақ біз ондықта жүргенімізге мәз болмаймыз. Бізге белбеу керек. Асу оны Қазақстанға әкеле алады», — деді бапкер.

Шавкат Рахмоновқа қатысты жағдай

Шавкат Рахмонов та жаттығу процесін жалғастырып жатыр. Алайда әзірге оның келесі жекпе-жегі туралы ресми ақпарат жоқ.

«Шавкатқа қатысты әзірге нақты жаңалық жоқ — команда да, басшылық та білмейді. Бірақ жақын күндері жақсы хабар болуы мүмкін», — деді Базров.

Айта кетейік, жартылай орта салмақта, яғни Шавкат өнер көрсететін дивизионда, қазіргі UFC чемпионы — Ислам Махачев.

Реклама
Реклама