Қазақстандық актер әрі ММА файтері Еркебұлан Тоқтар Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің өзімен жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтқан сөзіне реакция білдірді.
Инстаграмдағы пікірінде Еркебұлан Тоқтар Елеусіновтің ұстанымын түсінетінін және оған ренжудің қажеті жоқ екенін айтты.
Оның сөзінше, Данияр мәселені анық бөліп қарастырады. Қаржылық тұрғыдан — қызық, спорттық тұрғыдан — қызық емес.
Тоқтар да дәл осындай ойда екенін жеткізді.
Еркебұланның пайымынша, мұндай айқаста спорттық бәсекелестік туралы айту қиын. Елеусінов — Олимпиада чемпионы, деңгейі мүлде бөлек. Өзі бір-екі раундқа төзе алғанымен рингте соққы жейтіні анық екенін жасырмайды.
Соған қарамастан Тоқтар мұның қаржылық жағынан тиімді екенін меңзеді. Ол мұны шоу-бокс пен медиа жекпе-жектердің табиғатымен байланыстырды.
"Джейк Пол да ұшағында қалтасы ақшаға толып отыр, иегі сынған болса да. Бұл да — жұмыс", — деді Тоқтар.
Еркебұлан Тоқтар үшін ең маңыздысы — Елеусінов секілді есімі үлкен спортшымен бір рингке шығудың өзі тәжірибе әрі жетістік екенін атап өтті. Әсіресе, егер бұл жекпе-жек кештің басты айқасы болса.
"Данияр Елеусіновпен бір рингке шығып, тіпті басты жекпе-жекте жұдырықтасу — мен үшін жетістік", — деді ол.
Бұған дейін Данияр Елеусіновтен: "Еркебұлан Тоқтармен жекпе-жекке шығасыз ба?" деп сұраған. 2016 жылғы Олимпиада чемпионы шығуға дайын екенін, бірақ спорттық тұрғыдан қызық емес екенін айтқан еді.