Қазіргі таңда Әлімханұлының командасы ықтимал жазаны жеңілдету бағытында жұмыс істеп жатыр.
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан қазақстандық боксшының допинг-ісі бойынша ресми түсініктеме берді. Бұл туралы sportarena.kz хабарлады.
Менеджердің айтуынша, екінші допинг сынамадан да алғашқы сынамадағыдай тыйым салынған зат табылған, алайда бұл Жәнібек Әлімханұлының допингті әдейі қолданғанын білдірмейді.
“Екінші пробада да сол зат анықталды, бірақ бұл Жәнібектің допингті саналы түрде қабылдағанын дәлелдемейді. Өкінішке қарай, басқа нәтиже болу ықтималдығы төмен еді. Қазір біз ресми шешімді күтіп отырмыз. Жанибек әлі де чемпион мәртебесін сақтап отыр, жағдай толық зерттеліп жатыр”, — деді Берік Сұлтан.
Оның сөзінше, басты сұрақ — тыйым салынған заттың ағзаға қалай түскені. Команда бұл бағытта арнайы мамандармен жұмыс жүргізіп жатыр.
“Жәнібек ешқашан тыйым салынған заттарды қолданған емес. Ол — таза спортшы. Біз мұны дәлелдеуге тырысып жатырмыз”, — деп қосты менеджер.
Қазіргі таңда Әлімханұлының командасы ықтимал жазаны жеңілдету бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл процеске промоутерлер, менеджмент және заңгерлер тартылған.
“Біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Қазір басты мақсат — шеттету мерзімін мүмкіндігінше қысқарту. Уайыммен ештеңе өзгермейді, сондықтан алға қарай жұмыс істейміз. Мансапты аяқтау туралы әңгіме жоқ. Тіпті 40 жаста да жоғары деңгейде бокстасып жүргендер бар. Қандай жағдай болса да, біз қайта ораламыз”, — деді Берік Сұлтан.
Еске салайық, 2025 жылы желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен өтетін үш титулдық жекпе-жегінің алдында оның допинг-пробасынан мельдоний табылғаны белгілі болды. Нәтижені нақтылау үшін 8 қаңтарда В сынамасы ашылып, талдаудан өтті. Енді іс бойынша ресми шешім алдағы уақытта жарияланады.