Орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына (IBF және WBO белбеулерінің иегері) қатаң сын айтып, допинг дауына байланысты жаңа айыптауларын жария етті.
Адаместің ашуына түрткі болған негізгі жағдай — былтыр желтоқсанында өтуі тиіс болған Жәнібек Әлімханұлы – Эрисланди Лара арасындағы титул біріктіру жекпе-жегінің тоқтатылуы. Жекпе-жек Әлімханұлының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний анықталғаннан кейін өтпей қалды.
Адамес Ларамен жақын дос екенін атап өтіп, әріптесінің әрекетін өте өткір бағалады.
The Ring басылымына берген сұхбатында Карлос Адамес Жәнібекке қатысты мынадай пікір білдірді:
"Лара үшін жаным ашиды, өйткені Жәнібек әділ ойнамайды. Ол — алаяқ, лас жігіт. Әлімханұлының өзіне де жаным ашиды: Лара жасы үлкен болса да, ол бәрібір допинг қолданды. Допинг арқылы артықшылық алғысы келді. Досым осы уақыттың бәрін жаттығуға жұмсады, титул біріктіру жекпе-жегіне дайындалды. Жәнібек бізді де, спортты да алдады", — деді Адамес.
Жекпе-жек 6 желтоқсанда Сан-Антониода өтуі керек еді. Бірақ жоспар жүзеге аспай қалды. Нәтижесінде Эрисланди Лара WBA белбеуін қорғау жекпе-жегін өткізіп, Йохан Гонсалесті төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Қазақстандық чемпион өз кінәсін мойындамай, допингке қатысы жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ол қабылдайтын дәрумендер мен қоспалардың құрамын әдейі өзгертпеген.