Қазақстан бокс федерациясының экс-президенті, кәсіпкер Кеңес Рақышев отандық боксты ілгерілету үшін жеке қаржысынан едәуір қаражат бөлгенін айтты.
Рақышев боксты қазақ халқының мінезімен, рухымен астасқан спорт деп бағалайды. Ол жанкүйерлердің Геннадий Головкиннің айқастарын таңғы уақытқа қарамай күтетінін мысалға келтіріп, мұны елдің боксқа деген айрықша ықыласының белгісі ретінде атап өтті.
"Бұл — халықтың намысын оятып, бір мақсатқа жұмылып қуана да, бірге қынжыла да алатын ерекше құбылыс", — дейді кәсіпкер.
Кеңес Рақышев 2019 жылы федерация тізгінін ұстаған сәттен бастап жауапкершіліктің салмағын сезінгенін, соған қарамастан бұл міндетті ниетпен қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, шамамен бес жылға жуық уақытта ұйым ішінде бірнеше маңызды жоба жүзеге асқан.
Сол бастамалардың бірі — чемпион атанған боксшылармен қатар олардың аналарына да "Алтын Ана" атағын тапсыру дәстүрін енгізу. Рақышев бұл идеяны ұлттық таныммен байланыстырады.
"Халық “алып анадан туады” дейді. Жеңістің артында ананың ақ тілегі, қабыл болған дұғасы бар деп ойлаймын", — деді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, дәл осы кезеңде жас спортшыларға арнайы сыйақы тағайындау тетігі алғаш рет қолға алынған. Ол бұл қадамның нәтижесі ретінде бүгінде әлемдік деңгейде топ жарып жүрген чемпиондардың шыққанын атап өтті.
Рақышев үшін Ташкентте өткен әлем чемпионаты ерекше есте қалған. Себебі сол жарыста Қазақстан құрамасы төрт алтын медаль иеленген.
"Бұл — федерациядағы ең жарқын сәттердің бірі. Халықтың қолдауы мен ыстық ықыласы ешқашан есімнен кетпейді", — деді ол.
Кеңес Рақышев федерацияны басқарған уақыт ішінде бокстың дамуына өз қаражатынан шамамен 7 миллион доллар бағыттағанын да жасырмады.