Қазақстан атынан UFC президенті Дана Уайттың Power Slap (шапалақ жекпе-жегі) промоушенінде өнер көрсетіп жүрген Закир Найманбаев америкалық блогер әрі боксшы Джейк Полды ашық түрде айқасқа шақырды.
Семейден шыққан спортшының айтуынша, Джейк Пол әлеуметтік желіде пікір жазып, Найманбаевтың спорттық формасына қатысты сын айтқан.
Закир Найманбаев бұл жайттан кейін қарсыласын шапалақ жекпе-жегіне шақырып, жанкүйерлерден қолдау сұрады.
"Джейк Пол өзі пікір жазып, менің формам нашар деді. Джейк Полды танымайтындар болса — ол танымал блогер әрі боксшы. Майк Тайсонмен жұдырықтасып, оны жеңді.
Ал соңғы жекпе-жегінде Джошуамен кездесіп... Джошуа оны жеңіп, Джейк Полдың жақ сүйегін сындырды. Тезірек сауығып кетуін тілеймін және оны шапалақ жекпе-жегіне шақырамын.
Мен Дана Уайттың Power Slap ұйымында өнер көрсетемін. Қазақстандықтар, қолдау білдіріп, мына видеода Джейк Полды белгілеп кетіңіздер. Қазақтың «шапалағын» көрсетейік! Алға, Қазақстан!", — деді ол Instagram парақшасында.
Закир Найманбаевтың Power Slap ұйымындағы ең соңғы айқасы өткен жылдың күзінде Power Slap 17 турнирінде өтті. Жекпе-жек Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ұйымдастырылған. Үш раунд қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы америкалық Дориан Переске төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жол берді.