Реклама
Реклама

Қазақстандық балуан мәртебелі турнирде топ жарды

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 19:13

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Жәмила Бақбергенова Красноярсктегі беделді халықаралық дода — Иван Ярыгин кубогында топ жарып, алған әсерін бөлісті.

instagram/@zhamila.bakbergenova

Финалда моңғол балуанын ұтты

Отандасымыз 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Шешуші белдесуде Моңғолия өкілі Болртунгалаг Зоригтті жеңді. 

Бақбергенова Instagram парақшасында бұл жеңістің өзіне ерекше мәні барын атап өтті:

"Маусым басындағы алғашқы жеңісім! Красноярскіде Иван Ярыгин кубогының чемпионы атандым. Бала күнімде бұл турнир туралы әкемнен жиі еститінмін. “Онда тек мықтылар жеңеді”, — дейтін әкем. Араға жылдар салып, осы жарыста чемпион болу бұйырды. Бұл — мен үшін үлкен құрмет әрі мақтаныш", — деді Жәмила.

"Биыл тек жеңіс үшін бардым" 

Спортшының айтуынша, алтынға апарар жол жеңіл болмаған. Дегенмен биылғы турнирге нақты мақсатпен барғанын жасырмады:

"Бұл турнирге бес рет қатыстым, екі мәрте жүлдегер атандым. Биыл алдыма тек жеңіс мақсат етіп қойдым. Қуаныштымын — жоспар орындалды. Дайындық барысында Красноярскіде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осы жетістік үшін жеке бапкеріме алғыс айтамын", — деп қосты ол.

Ярыгин кубогы — күрестегі ең тартысты турнирлердің бірі

Айта кетейік, Иван Ярыгин кубогы әлемдегі ең танымал әрі бәсекесі жоғары халықаралық күрес турнирлерінің қатарында саналады. Мұнда әдетте тек мықтылар жиналып, маусым алдындағы шынайы күш сынағы өтеді.

Реклама
Реклама