Реклама
Реклама

Жәнібек Әлімханұлы үшінші титулға көз тікті

Сарапшы, спорт журналисі
07.03.2026, 21:13

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы үш титулды біріктіретін үлкен айқасқа дайындалып жатыр.

Instagram/@janibek_alimkhanuly

Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі қандай болуы мүмкін?

Қазір Жәнібек Әлімханұлы Алматыда жүр. Ол жазға қарай толыққанды оқу-жаттығу жиынын бастауды жоспарлап отыр. Жаттығу лагері АҚШ-та немесе Англияда өтуі мүмкін.

Жоспар бойынша, боксшының физикалық бабын түсіріп алмауына ерекше мән берілмек. Команда алдағы маңызды айқасқа дайындықты кезең-кезеңімен жүргізіп жатыр.

Үш титул үшін айқас

Жәнібек келесі кезеңде орта салмақтағы тағы бір чемпиондық атаққа таласпақ. Оның ықтимал қарсыластары қатарында WBC чемпионы Карлос Адамес пен WBA чемпионы Эрисланди Лара. 

Яғни қазақстандық чемпион алдағы уақытта бірден үш әлем чемпионы титулын біріктіретін жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Дайындық жұмыстары басталып кетті

Журналист Аслан Қаженовтің айтуынша, бұл ықтимал айқасқа жан-жақты дайындық қазірдің өзінде жүріп жатыр. Команда жаттығу процесін алдын ала жоспарлап, қарсыластың ерекшеліктерін де назарға алған.

Еске салсақ, былтыр желтоқсанда қазақстандық боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний табылған. Соның салдарынан Эрисланди Лараға қарсы өтуі тиіс болған біріктіру айқасы жүзеге аспай қалды.

Алайда тәртіптік комиссияның шешімімен Жәнібек Әлімханұлы өз чемпиондық белбеулерін сақтап қалды. Соған қарамастан ол бір жылға дисквалификация алды.

WBO уақытша титулы үшін кімдер жұдырықтасады?

WBO шешімі бойынша сәуір айында британиялық Дензел Бентли мен венесуэлалық Эндри Сааведра уақытша чемпиондық атақ үшін рингке көтеріледі.

Бұл жағдай орта салмақтағы чемпиондық белбеулер төңірегіндегі бәсекені одан әрі қыздыра түсті.

Реклама
Реклама