Реклама
Реклама

Каратэші қыздар Премьер-лиганың финалына шықты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 16:56

Каратэден Италия астанасында өтіп жатқан Премьер-лига турнирінде Қазақстан құрамасының екі өкілі финалға жолдама алды. 

instagram/@assel.kanay

Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақта финалға шықты

Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетті. Ол ширек финалда чилилік Барбара Хуайкиманды жеңсе, жартылай финалда тунистік Вафа Махжубтан басым түсті.

Енді қазақстандық каратэші турнирдің финалында жапониялық Сарара Шимадамен кездесіп, бас жүлдені сарапқа салады.

Софья Берульцева қатарынан екінші рет финалға шықты

Ұлттық құраманың тағы бір көшбасшысы Софья Берульцева да Рим төрінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол жартылай финалда испаниялық Мария Гарсия Торресті жеңіп, биыл екінші рет қатарынан Премьер-лига кезеңінің финалына жолдама алды.

Бұған дейін Берульцева ширек финалда Түркия спортшысын жарыс жолынан шығарған.

Финалда Англия спортшысымен кездеседі

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева финалда Англия өкілі Рошель Уолтерспен кездеседі.

Айта кетерлігі, бұл екі спортшы бұған дейін де кездескен. Былтыр Каирде өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Софья қарсыласынан басым түскен еді. Бұл жолы да қазақстандық жанкүйерлер сол нәтижеге үміт артып отыр.

Қазақстанның өзге спортшылары жарысты аяқтады

Ал Қазақстан құрамасының басқа өкілдері бұл кезеңде жүлде үшін таласты жалғастыра алмады.

84 келіге дейінгі салмақта Никита Тарнакин ширек финалда Эдуард Гаспарскийге есе жіберді. Ал 84 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Диас Анарбеков Босния және Герцеговина өкілі Анес Бостанджичтен жеңілді.

Реклама
Реклама