Софья Берульцева Премьер-лигада маусымдағы үшінші алтынын жеңіп алды

Сарапшы, спорт журналисі
12.04.2026, 22:20

Қытайдың Лэшань қаласында каратэден WKF Premier League жарысының 2026 жылғы маусымындағы үшінші кезеңі аяқталды.

Спортты дамыту дирекциясы

Тағы да топ жарды

Әйелдер арасындағы кумите бағдарламасында +68 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева кезекті рет өзінің мықтылығын дәлелдеді. Ол турнир барысында бес кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

Финалда Софья непалдық Арика Гурунгтен басым түсті. Айта кетейік, бұл екі каратэші бұған дейін де 2026 жылғы Премьер-лиганың алғашқы кезеңінің финалында кездескен. Ол жолы да жеңіс Берульцеваның еншісінде қалған.

Осылайша қазақстандық спортшы маусымдағы сәтті сериясын жалғастырып отыр. Жыл басынан бері ол Ыстанбұл, Рим және Лэшань кезеңдерінде алтын медаль жеңіп алды.

Нұрқанат Ажықанов күміс жүлдегер атанды

Ерлер арасындағы 75 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының жүлдегері Нұрқанат Ажықанов финалда түркиялық Энес Булутпен кездесті. Тартысты өткен айқаста қазақстандық спортшы 5:6 есебімен есе жіберіп, күміс медаль иеленді.

Бұл — Нұрқанаттың Премьер-лига турнирлеріндегі төртінші жүлдесі. Ол бұған дейін 2022 жылы Бакуде алтын алса, 2024 жылы екі рет қола жүлде еншіледі.

Әсел Қанай екінші кезең қатарынан финалға шықты

Әйелдер арасындағы -61 келіде сынға түскен Әсел Қанай қатарынан екінші Премьер-лига кезеңінің финалына дейін жетті. Бірақ шешуші кездесуде жарыс қожайыны Гон Лиге жол беріп, жарысты күміс медальмен аяқтады.

Олжас Алтынбек ел қоржынына қола салды

67 келіге дейінгі салмақта Олжас Алтынбек қола медаль үшін өткен белдесуде бразилиялық Винисиус Фигуэроаны сенімді түрде жеңіп, Қазақстан құрамасының жүлде қорын толықтырды.

Сонымен қатар бүгін тағы үш қазақстандық қола жүлде үшін күрес жүргізді. Атап айтқанда:

  • Айжан Бәкірова (-61 кг)
  • Белла Самашева (-55 кг)
  • Диас Анарбеков (+84 кг)

Өкінішке қарай олар шешуші белдесулерде қарсыластарына есе жіберіп, жарысты үздік бестік қатарында аяқтады.

Жалпыкомандалық есеп

Турнир қорытындысы бойынша үздік бес команда мынадай нәтиже көрсетті:

  1. Түркия — 2 алтын, 1 қола
  2. Қытай — 2 алтын
  3. Жапония — 1 алтын, 4 күміс, 6 қола
  4. Қазақстан — 1 алтын, 2 күміс, 1 қола
  5. WKF-1 (Ресей) — 1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Еске сала кетейік, наурыз айында Римде өткен Премьер-лига кезеңінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 3-орын алған еді. Ал 2026 жылғы маусымның төртінші кезеңі Рабатта өтеді деп жоспарланып отыр.

Реклама
Реклама