Арман Әшімов америкалық лигада өнер көрсеткелі жатыр
Қазақстандық файтер алдымен Bare Knuckle FC-де дебют жасап, кейін UFC-ке өтуді жоспарлап отыр.
Қазақстандық ММА файтері Арман Әшімов мансабына қатысты жоспары туралы айтып, ойын бөлісті. Оның айтуынша, UFC-ке бірден баруды көздеп отырған жоқ. Алдымен АҚШ-тағы Bare Knuckle FC ұйымында күш сынап көрмек.
Таңдау – Bare Knuckle FC
Әшімов жақын арада Америкаға аттануды жоспарлап отыр. Спортшының негізгі мақсаты – алдымен жұдырықтасу жекпе-жектері өтетін Bare Knuckle FC лигасында өнер көрсету.
"Маусым немесе шілде айында АҚШ-қа барамыз, бұйырса. Бірден UFC-ке шыққым келмейді. Алдымен Bare Knuckle-да жұдырықтасқым келеді. Бұл формат маған көбірек адреналин береді, – деді файтер.
Айта кетейік, Bare Knuckle FC – аралас жекпе-жекке қарағанда қатал форматымен ерекшеленетін ұйым. Бұл лига Конор Макгрегормен де байланысты жобалардың бірі ретінде белгілі.
UFC-ке апарар жол
Көпшілік UFC-ке өту үшін Dana White’s Contender Series жобасын негізгі жол деп есептейді. Алайда Әшімов бұл пікірмен келіспейді.
"Contender Series арқылы ғана бару міндетті емес. Тікелей келісімшартқа да қол қоюға болады. Өзімнің төрт жылдық стратегиям бар", – деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, Арман Әшімов жуырда Алматыда өткен IBA Nomad 14 турнирінде өнер көрсетіп, тәжікстандық Дилшод Норкузиевті бірінші раундта нокаутпен жеңген болатын.