Абылайхан Жүсіпов әлем кубогына дайындығын көрсетті
Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов әлеуметтік желідегі парақшасында ұлттық құраманың алдағы World Boxing кубогына дайындығынан үзінді жариялады.
Бразилиядағы додаға дайындық
Әлем чемпионы атанған Абылайхан Жүсіпов Instagram желісінде жаттығу барысынан түскен суретін жариялады. Кадрда ол Қазақстан құрамасының аға бапкері Азамат Мақажановпен және белгілі боксшы Серік Теміржановпен бірге көрінеді.
Жүсіповтің жазбасына қарағанда, оқу-жаттығу жиыны аясындағы соңғы жұптық жаттығулар аяқталған. Қазір қазақстандық былғары қолғап шеберлері бапкерлер штабының жетекшілігімен Бразилияда өтетін әлемдік бәсекеге қызу әзірленіп жатыр.

Нақты тізім әлі жарияланған жоқ
Қазір World Boxing кубогына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының тізімі белгілі. Олар Бразилиядағы халықаралық оқу-жаттығу жиынында дайындық жүргізіп жатыр. Ал ерлер құрамасының алғашқы кезеңге қатысатын ресми құрамы әзірге жария етілмеді.
Жаттығуда бой көрсеткен Серік Теміржанов — халықаралық аренада өзін дәлелдеген тәжірибелі спортшылардың бірі. Ол:
- 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері;
- 2022 жылы Аммандағы Азия чемпионатының жеңімпазы;
- 60 келіге дейінгі салмақтағы Қазақстанның қазіргі чемпионы.