Үнді боксшысы Санжар Тәшкенбайды жеңіп, әкесінің арманын орындады

Сарапшы, спорт журналисі
14.04.2026, 20:14

Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбайды сенсациялық түрде жеңген үндістандық Вишванат Сурештің өмір жолы көпшіліктің назарын аударды.

instagram/@bfi_official_

Вишванат Сурештің жеңісі басты сенсациялардың біріне айналды

Үндістанның The Better India басылымы 2026 жылы Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында жарқын жеңісімен көзге түскен боксшы Вишванат Сурештің мансабы туралы әсерлі оқиғаны жариялады.

Басылым мәліметінше, оның жеңісі тек спорттық нәтиже емес, бір әулеттің орындалмай қалған арманымен тікелей байланысты.

Көп жыл бұрын Вишванаттың әкесі де болашағынан үміт күттірген боксшы болған. Алайда қаржылық қиындықтар оның спорттағы жолын жалғастыруына мүмкіндік бермеген.

Ол қолғапты шешіп, отбасының қамы үшін тігіншілікпен айналысуға мәжбүр болған. Киім тігіп, отбасын асырап, төрт қызын жеткізу оның басты міндетіне айналған. Соған қарамастан бокстан алыстағанымен, арманы өшпеген.

Орындалмаған арман ұлдың мақсатына айналды

Әкесі өз арманының жалғасын ұлынан көрді. Ол Вишванатты жұмысына дейін де, жұмыстан кейін де, тіпті түннің бір уағында да жаттықтырған. Тапсырыстар мен тұрмыстық қиындықтардың арасында баласына уақыт табуға тырысқан.

Осылайша Вишванат тек бокс өнерін емес, төзімділік пен құрбандықтың мәнін де ерте түсінді. Дұрыс тамақтанбаудан туындаған қиындықтар, шектеулі мүмкіндік, үздіксіз күрес — мұның бәрі жас спортшыны тоқтата алған жоқ.

Азия чемпионатында Вишванат Суреш кезекті жеңіске жетіп қана қоймай, жанкүйерлер мен мамандарды таңғалдырды. Ол 50 келіге дейінгі салмақтағы әлемдік рейтингтің көшбасшысы, қазақстандық Санжар Тәшкенбайды жеңіп, турнирдің басты тосын нәтижесін тіркеді.

Ширек финалда үндістандық боксшы Тәшкенбайды төрешілердің бірауызды шешімімен ұтты. Оның үстіне, үшінші раундта қазақстандық спортшы нокдаунға да түсті.

Реклама
Реклама