Жанқош Тұраров WBO чемпионымен жұдырықтаспақ (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі
16.04.2026, 12:48

Қазақстандық боксшы Кишон Дэвиспен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

NUR.KZ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров (29-0) АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында дайындық кезінде әлем чемпионы Кишон Дэвиспен (14-0) бірге түскен суретін жариялап, жекпе-жекке шақыруын қабыл алғанын жеткізді. 

"Жақсы спарринг өткіздік. Ол жекпе-жек ұсынды – біз дайынбыз", – деп жазды қазақстандық боксшы.

Ал өз кезегінде америкалық чемпион бұл ұсынысқа қатысты тіл қатты.

" Айқас ұйымдастырайық! 29-0 және 14-0 – тамаша жекпе-жек болады", – деді Дэвис.

Жанқош Тұраров 2026 жылдың наурыз айында АҚШ-қа барып, жаттығуын бастады. Ол бапкері Сағатбек Мұсаханов және боксшы Балауса Мұздыманмен бірге Лас-Вегастағы әйгілі залдарда дайындалып жатыр.

Тұраров соңғы рет 2025 жылдың 5 қыркүйегінде Алматыда рингке шығып, филиппиндік Али Канеганы айқын жеңді. Қазақстандық боксшы қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Кишон Дэвис туралы

Кишон Дэвис – қазіргі таңда жеңіл салмақтағы WBO чемпионы. Ол кәсіби мансабына дейін:

  • 2020 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері
  • 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері

2025 жылдың ақпанында украиналық Денис Беринчикті жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Реклама
Реклама