Аруна Жангелдина — Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері

Сарапшы, спорт журналисі
18.04.2026, 17:04

Қазақстандық дзюдошы Қытайдың Ордос қаласында дзюдодан 2026 жылғы Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарына енді. 

instagram/@kaz_judoteam

Қола медаль бұйырды

26 жастағы дзюдошы 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Ол жарысты сәтті бастап, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Алайда ширек финалда қарсыласына есе жіберді.

Жангелдина жұбаныш белдесулерде мінез көрсетіп, Қытай Тайбэйінен келген екі дзюдошыны қатарынан жеңді. Қола медаль үшін өткен шешуші белдесуде Аруна Чье-Си Ванды қосымша уақытта ұтып, жеңісті golden score әдісімен жұлып алды.

Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері

Осы нәтижеден кейін Аруна Жангелдина Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Бұған дейін 2022 жылы Астанада өткен құрлықтық біріншілікте де тұғырға көтерілген.

Ордоста өткен жарыста осы салмақта тағы бір қола жүлдені Өзбекстан өкілі Барчиной Қадырова иеленді. Ол медаль үшін белдесуде отандасы Маржона Кучимовадан басым түсті.

Ал Азия чемпионы атағын қытайлық Хонгтао Ву жеңіп алды. Күміс медальді 2025 жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерінің намысын қорғап жүрген украиналық текті дзюдошы Елизавета Литвиненко еншіледі.

Реклама
Реклама