"Оңай емес": Шавкат Рахмонов жарақаттан кейінгі жағдайы туралы ашық айтты

Сарапшы, спорт журналисі
Бүгін, 18:18

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов жарақаттан кейінгі қалпына келу кезеңі жайлы шынайы пікір білдірді.

NUR.KZ

Өз жағдайын ашық айтты

Instagram желісінде тараған видеода қазақстандық файтер арнайы төсеніште отырып, қалпына келтіру жаттығуларын жасап жатқан сәтте көрінеді. Кадр сыртындағы адам одан денсаулығы туралы сұрағанда, Шавкат қысқа да нұсқа жауап берген.

Ол өз хәліне қатысты:

“Қиын болып тұр. Оңай емес”, — деген мағынадағы пікір айтты.

Осы сәт видеоны көрген жанкүйерлер арасында қызу талқыланды. Көпшілік спортшының жарақаттан кейінгі кезеңді қаншалықты ауыр өткеріп жатқанын байқады.

Германияда операция жасатқан

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов ақпан айында Германияда операция жасатқан болатын. Бұған дейін қазақстандық файтер жарақат алғанын хабарлап, UFC рейтингінен де түсіп қалған еді.

Бұл жаңалық оның жанкүйерлерін алаңдатып, спортшының октагонға қашан оралатыны туралы сұрақтарды көбейтті.

Шавкат 500 күннен бері жекпе-жексіз жүр

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері соңғы рет 2024 жылдың желтоқсан айының басында октагонға шықты. Сол кезде ол Лас-Вегаста өткен кеште ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын.

Бастапқыда бұл кездесу Шавкат үшін чемпиондық жекпе-жек болуы керек еді. Алайда сол кездегі белбеу иегері Белал Мухаммад жарақатына байланысты айқастан бас тартқан.

Одан кейін Рахмоновтың өзі де денсаулығына байланысты бірнеше жекпе-жекті өткізіп алды. Сөйтіп, елдегі ең танымал спортшылардың бірі 500 күннен бері жекпе-жек өткізбеген жағдайға жетті.

UFC-дегі оралу мерзімі әлі белгісіз

Қазіргі таңда Шавкат Рахмоновтың UFC-ге нақты қашан оралатыны белгісіз күйінде қалып отыр. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, оның толыққанды жаттығу процесіне қайта қосылуына кемінде жарты жылға жуық уақыт қажет болуы мүмкін.

Реклама
Реклама