Қазақстандық боксшы WBA титул үшін жекпе-жек өткізеді
Рахат Сейітжан ұзақ үзілістен кейін рингке оралғалы жатыр.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Рахат Сейітжан (10-0, 6 КО) ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралып, титулдық жекпе-жек өткізеді.
Сейітжан Ресейдің Уфа қаласында өтетін IBA Pro 17 турнирінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – жергілікті боксшы Данис Габдрафиков (5-0, 2 КО).
Жекпе-жекте WBA Asia East аймақтық чемпиондық белбеуі (жартылай орта салмақ) сарапқа салынады.
Ұзақ үзілістен кейінгі оралу
Рахат Сейтжан соңғы рет 2022 жылдың қараша айында Алматыда шаршы алаңға шыққан. Ол кезде тәжікстандық Расулджон Азимовты бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Қарсылас туралы
Данис Габдрафиков – жеңіліссіз келе жатқан ресейлік боксшы. Ол соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың қыркүйегінде өткізіп, қазақстандық Теміржан Баймолданы техникалық нокаутпен жеңіп, қарсыласының мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеген.