Қазақстан Азия чемпионатына 56 боксшы апарады
Бокстан Қазақстанның жасөспірімдер құрамалары Ташкентте өтетін Азия чемпионатына қатысады.
Ел намысын 56 ұл мен қыз қорғайды
Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, U-15 және U-17 жас санаттарындағы ұлттық құрамалар Ташкентке аттанады. Турнирде Қазақстан атынан екі ерлер және екі әйелдер құрамасы өнер көрсетеді.
Жас боксшыларды жарысқа аға жаттықтырушылар Жақсылық Молдаханов, Бағдат Оңғарбеков және Айбек Әбділда бастап барады. Қазақстандық спортшылар барлық салмақ дәрежесінде бақ сынап, Азия чемпионатының медальдары үшін жұдырықтасады.
Азия чемпионаты қашан өтеді?
Жасөспірімдер арасындағы құрлықтық біріншілік 3-15 мамыр аралығында Ташкентте өтеді.
Ұйымдастырушылардың алдын ала дерегіне сүйенсек, биылғы турнирге 26 елден 500-ден астам спортшы қатысады. Бұл жарыс Азиядағы жас боксшылар үшін маусымның ең маңызды додаларының бірі болмақ.
Мақсат — көшбасшылықты сақтау
Қазақстан жасөспірімдер боксы соңғы жылдары құрлық деңгейінде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұған дейін ел құрамасы 2024 жылы Абу-Дабиде және 2025 жылы Амманда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаттарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған.
Сондықтан Ташкенттегі бәсеке Қазақстан құрамасы үшін тек медаль алу емес, Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалу мүмкіндігі болмақ.