Қазақстан құрамасының тағы бір боксшысы Азия чемпионатының финалына шықты (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы
11.05.2026, 17:35

Ташкентте жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында U17 санатында бақ сынап жатқан Аяулым Оспанова 66 келіге дейінгі салмақта үздік нәтиже көрсетті.

instagram/@boxingkazakhstan

Үндістандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді

Аяулым Оспанова Азия біріншілігінің жартылай финалында Харнур Каурмен жұдырықтасты. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы қарсыласына мүмкіндік бермей, айқын басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті — 5:0.

Оспанова бұл жеңістен кейін Азия чемпионатының финалына шықты. Енді жарыстың алтын жүлдесі үшін рингке көтеріледі.

Ташкенттегі додаға 460-тан астам боксшы қатысып жатыр

Айта кетейік, U15 және U17 жас санаттары арасындағы Азия чемпионаты Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатыр. Турнир Asian Boxing ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл ұйым — World Boxing құрылымының Азиядағы бөлімшесі.

Биылғы құрлықтық біріншілік соңғы жылдардағы ең ауқымды жарыстардың бірі саналады. Турнирге Азияның 21 елінен 460-тан астам жас боксшы қатысуда.

Реклама
Реклама