"Қазақ жауынгері" екі тең кездесуден кейін титулдық жекпе-жек өткізеді

Жекпе-жек шолушысы
14.06.2026, 18:35

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Елшат Нығметолла кезекті маңызды айқасына дайындалып жатыр.

Instagram/@boks_alemy.kz

Алматыда WBA Asia белбеуін қорғайды

Жанкүйерлер арасында "Қазақ жауынгері'лақап атымен танымал боксшы 25 шілде күні Алматыда шаршы алаңға шығады.

Бұл жолы Нығметолланың қарсыласы таиландтық Танес Онгджунта болмақ. Айқаста аса жеңіл салмақтағы WBA Asia чемпионы атағы сарапқа салынады.

Қазір бұл белбеу қазақстандық боксшыға тиесілі. Айта кетейік, оның қарсыласы Танес Онгджунта да бұған дейін WBA Asia титулын иеленген тәжірибелі боксшылардың бірі.

Боксшылардың рекордтары

Елшат Нығметолла кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген. Оның еншісінде 21 жеңіс, 0 жеңіліс, 3 тең нәтиже, 8 нокаут бар. 

Ал таиландтық Танес Онгджунтаның көрсеткіші де назар аударарлық - 14 жеңіс, 2 жеңіліс, 8 нокаут.

Соңғы екі жекпе-жегі тең аяқталды

Елшат Нығметолла соңғы екі жекпе-жегінде жеңіске жете алған жоқ. Алдымен намибиялық Филлемон Нгутенаньемен тең түсті. Кейін филиппиндік Элвин Камикемен өткен кездесу де тең нәтижемен аяқталды.

Осыған қарамастан "Қазақ жауынгері" титулдық айқасқа мүмкіндік алып отыр. Бұл жекпе-жек Нығметолла үшін жеңісті жолға қайта оралып қана қоймай, WBA Asia белбеуін сақтап қалу тұрғысынан да аса маңызды болмақ. 

Ал Танес Онгджунта Алматыға жақсы қарқынмен келеді. Таиландтық боксшы соңғы екі жекпе-жегінде қарсыластарын нокаутпен жеңген.

Реклама
Реклама