Ауыр жарақаттан кейінгі алғашқы айқас: Асу Алмабаев Бакуде бәрін таңғалдырмақ (ВИДЕО)
UFC файтері Асу Алмабаев Бакуде өтетін жекпе-жек алдындағы дайындық барысынан видео жариялады.
Бакудегі соңғы дайындық кезеңі
27 маусымда Әзербайжан астанасы Бакуде UFC Fight Night турнирі өтеді. Бұл – UFC ұйымының Бакудегі екінші турнирі болмақ.
Осы жарыс аясында қазақстандық ең жеңіл салмақ өкілі Асу Алмабаев октагонға шығады. Ол әлемдегі ең беделді ММА лигасындағы сегізінші кездесуін өткізбек. Оның бұл жолғы қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон болады. Қазақстандық файтер үшін бұл кездесу ерекше маңызға ие. Ссебебі ол ауыр жарақаттан кейін алғаш рет жекпе-жек өткізеді.
Алмабаев әлеуметтік желідегі парақшасында Бакуге келгеннен кейінгі соңғы жаттығу кезеңінен кадрлар жариялады. Видеода жекпе-жекке жоғары қарқынмен дайындалып жатқаны байқалады.
“Зүлфиқардың” оралуын жанкүйерлер күтуде
Асу Алмабаев UFC-дегі тұрақты өнерімен қазақстандық ММА жанкүйерлерінің ерекше ықыласына бөленген. Сондықтан оның жарақаттан кейінгі қайта оралуы көпшілік үшін маңызды оқиға болып отыр.
UFC Fight Night турнирінде Асу Алмабаевтан бөлек, Бекзат Алмахан да октагонға шығады. Сондай-ақ Бакудегі кеште ТМД елдерінен шыққан белгілі UFC файтерлері – Шара Буллет, Икрам Алискеров және Рафаэль Физиев өнер көрсетеді.