АЧ-2026: Аман Қонысбеков қырғыз боксшысының қабағын жарып, чемпион атанды
Қазақстандық боксшы Аман Қонысбеков Джакартада өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Индонезия астанасы Джакартада бокстан U23 жас санатындағы Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Аман Қонысбеков 75 келіге дейінгі салмақта алтын медаль үшін рингке шықты.
Финалда Қырғызстан өкілімен жұдырықтасты
Шешуші айқаста Аман Қонысбеков Қырғызстан боксшысы Алмаз Орозбековпен кездесті.
Жекпе-жек алғашқы раундтан-ақ өте тартысты басталды. Бірінші раундта Аман Қонысбеков дәл соққыларының бірімен Алмаз Орозбековтің қабағын жарды.
Көп ұзамай тағы бір соққыдан кейін қырғызстандық боксшының капасы аузынан ұшып кетті. Соған қарамастан, төрешілер алғашқы раундты Қырғызстан өкілінің пайдасына берді.
Екінші үш минуттықта Қонысбеков қарқынын күшейтті. Қазақстандық боксшы шабуылда белсендірек болып, қарсыласына бірнеше рет дәл соққы жасады.
Осы раундта Аман төрешілер бағасында жағдайды өз пайдасына өзгертіп, жалпы есепті теңестіре алды.
Үшінші раундта Қонысбеков шабуылын жалғастырды. Соның арқасында төрешілердің бөлек шешімімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бұған дейін бірнеше боксшымыз Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған еді.
Азия чемпионаты Джакартада өтіп жатыр
Бокстан жастар арасындағы Азия чемпионаты World Boxing ұйымының құрлықтық құрылымы — Asian Boxing аясында ұйымдастырылып жатыр.
Бұл форматтағы турнир екінші рет өткізілуде. Алғашқы жарыс 2025 жылдың тамызында Бангкокта өткен. Биылғы чемпионатта U19 және U23 жас санатындағы спортшылар құрлықтық медальдар үшін бақ сынап жатыр.