Дәурен Ермеков бразилиялық қарсыласын қылқындырып тастады (ВИДЕО)
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Алматыдағы ACA 205 турнирінде сенімді жеңіске жетті.
Екінші раундта аяқталған жекпе-жек
Орта салмақта өнер көрсететін Дәурен Ермеков октагонда бразилиялық Рене Пессоамен кездесті. Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек толық уақытқа созылған жоқ.
Қазақстандық файтер екінші раундта қарсыласын қылқындыру әдісіне түсіріп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Осы нәтиженің арқасында 21 жеңіс, 8 жеңіліспен келген Дәурен Ермеков кәсіби мансабындағы жеңістер санын 22-ге жеткізді.
Ал Рене Пессоа үшін бұл кәсіпқой ММА-дағы 13-жеңіліс болды. Бразилиялық файтердің еншісінде 26 жеңіс бар.
Алдыңғы жекпе-жегінде жеңіліп қалды
Дәурен Ермеков бұған дейін 2026 жылдың мамыр айында Ташкенттегі ACA 203 турнирінде өнер көрсеткен. Ол кезде тәжікстандық Фаридун Одиловқа төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберген.
Алматыдағы жеңіс Ермековке сәтсіз нәтижеден кейін қайта жеңіс жолына оралуға мүмкіндік берді.