57 балуанымыз белдескен ірі турнирде небәрі екі "алтын" бұйырды
Жуырда Будапештте күрестен халықаралық рейтингтік турнир өткен болатын.
Венгрия астанасы Будапештте 15-19 шілде аралығында Поляк Имре, Варга Янош және Козьма Стефан мемориалы өтті. Бұл жарыс әлемдік күрес күнтізбесіндегі маңызды рейтингтік турнирлердің бірі саналады.
Қазақстан құрамасы турнирге еркін күрес, әйелдер күресі және грек-рим күресі бойынша жалпы 57 спортшы қосты.
Қазақстан қоржынында 12 медаль бар
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық балуандар 12 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын, 3 күміс және 7 қола жүлде бар.
Ең көп медаль еркін күрес шеберлеріне тиесілі. Қазақстан атынан 26 балуан сынға түсті. Олардың жетеуі жүлдегер атанды.
61 келіде Асыл Айтақын алтын медаль жеңіп алды. Ал 125 келі салмақта Едіге Қасымбек турнир чемпионы атанды.
57 келіде Нұрданат Айтанов пен Мейрамбек Қартыбай қола жүлде иеленді. 61 келіде Әділет Әлмұхамедов те үшінші орын алды. 65 келіде Начын Куулар қола медаль жеңіп алса, 74 келіде Нұрқожа Қайпанов күміс жүлдегер атанды.
Әйелдер күресінде екі медаль
Әйелдер күресінде Қазақстаннан 16 спортшы қатысты. Бұл бағдарламада ел құрамасы екі медаль жеңіп алды.
50 келіде Зейнеп Баянова қола жүлдегер атанды. Ал 72 келіде Жәмила Бақбергенова күміс медальға қол жеткізді.
Грек-рим күресінде үш жүлде бар
Грек-рим күресі бойынша Қазақстан құрамасы турнирге 15 балуан апарды. Олар үш медаль жеңіп алды.
55 келіде Исхар Құрбаев қола медаль иеленді. 60 келіде Ернұр Фидахметов күміс жүлдегер атанды. 67 келіде Дінмұхамед Қошқар үздік үштікті түйіндеді.
Ризабек Айтмұхан жарақатына байланысты жарысты жалғастырмады
Турнирде қазақстандық жанкүйерлердің назары Ризабек Айтмұханға да ауды. Еркін күрестен Қазақстан тарихындағы алғашқы қазақ әлем чемпионы 97 келіге дейінгі салмақта кілемге шықты.
Ол алдымен грузиялық Андро Маргишвилиді 6:5 есебімен жеңді. Кейін түркиялық Сүлейман Караденизден 6:4 есебімен басым түсті.
Алайда ауыр белдесулерден кейін Айтмұхан жарысты жалғастырған жоқ. Дереккөз мәліметінше, оның турнирден бас тартуына жарақат себеп болған.