"Бізде бітпеген іс бар". Жәнібек Әлімханұлы "Канелоға" үн қатты
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы суперорта салмаққа ауысқаннан кейін мексикалық жұлдыз Сауль "Канело" Альвареске әлеуметтік желі арқылы хабарлама жолдады.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақ дәрежесіне ауысқанын жариялағаннан кейін бірден Сауль "Канело" Альваресті назарға алды. Бұған дейін орта салмақта әлем чемпионы болған Әлімханұлы енді суперорта салмақта өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Әлімханұлы "Канелоға" жазба арнады
Жәнібек Әлімханұлы Instagram желісіндегі "сторисінде" мексикалық боксшыға үндеу жасады.
"Канело", сенің салмағыңа өттім! Бізде бітпеген іс бар", — деп жазды қазақстандық боксшы испан және қазақ тілдерінде.
Бұл жазба жанкүйерлер арасында бірден талқыланып, Әлімханұлының суперорта салмақтағы ықтимал қарсыластары туралы әңгімені күшейтті.
"Канело" белбеулерінен айырылған
Сауль Альварес бұған дейін суперорта салмақта бірнеше чемпиондық белбеуге ие болған. Алайда мексикалық боксшы америкалық Теренс Кроуфордпен абсолютті чемпион атағы үшін өткен жекпе-жекте жеңіліп, барлық титулынан айырылды.
Соған қарамастан, "Канело" әлі де әлемдік бокстағы ең танымал және коммерциялық тұрғыдан ең тартымды есімдердің бірі саналады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы допингке байланысты дисквалификация мерзімін өтеп жатыр.
Отандасымыздың бокстан шеттетілуі осы жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Сондықтан оның рингке нақты қашан және кімге қарсы оралатыны әзірге белгісіз.