Қазақ нокаутшысы жапониялық кикбоксшымен кездеседі

Жекпе-жек шолушысы
20.07.2026, 21:35

Қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек Super Rizin 5 турнирінде Рен Хирамотомен кездеседі.

фото ашық дереккөзден алынды

Титулдық мүмкіндік берілуі мүмкін

Ауқымды Super Rizin 5 турнирі 10 қыркүйекте Жапонияның Осака қаласында өтеді. Қаршыға Дәуітбек осы кештің негізгі кардында өнер көрсетеді.

Қазақстандық файтердің кәсіби рекорды – 19 жеңіс және 3 жеңіліс. Оның 15 жеңісі нокаутпен аяқталған. Ал Рен Хирамото ММА-да төрт рет жеңіп, үш мәрте жеңілген.

Турнирдің басты жекпе-жегінде Ражабали Шайдуллаев пен Эй Джей Макки кездеседі. Олар Rizin және PFL белбеулері үшін таласады.

Қаршыға Дәуітбек Хирамотодан басым түссе, осы титулдық айқастың жеңімпазымен кездесуге басты үміткерлердің біріне айналуы ықтимал. Қазақстандық файтер Rizin ұйымының жартылай жеңіл салмақтағы жетекші үміткерлердің қатарында жүр.

Соңғы жекпе-жегінде нокаутпен жеңді

Қаршыға Дәуітбек бұл кездесуге сенімді жеңістен кейін шығады. Ол Хиросимада өткен Rizin Landmark 15 турнирінің қосалқы басты жекпе-жегінде жапониялық Кехэй Хагивараны бірінші раундта нокаутқа түсірді.

Осылайша Дәутбек кәсіби мансабындағы 19-жеңісіне жетті. 

32 жастағы Қаршыға Дәутбек үшін бұл Rizin ұйымындағы сегізінші жекпе-жек болады. Ол жапониялық промоушендегі жалғыз жеңілісін 2018 жылы дебюттік кездесуінде қабылдаған. Содан бері жеті жыл бойы жеңіліссіз келеді.

Реклама
Реклама