Қаршыға Дәуітбек Rizin FF-тегі сыйақысы жайлы тіс жарды
Спортшы сыйақы көлеміне жалпы көңілі толатынын жеткізді.
Жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Қаршыға Дәуітбек Rizin FF ұйымынан алған сыйақылары туралы айтты. Бұл туралы ол Sports.kz сайтына берген сұхбатында пікір білдірді.
Сұхбат барысында Қаршыға Дәуітбек Rizin FF-тегі табысына жалпы разы екенін жасырмады. Дегенмен спортшы кез келген кәсіби файтер үшін жоғары гонорарға ұмтылу қалыпты жағдай екенін атап өтті.
"Иә, көңілім толады деуге болады. Бірақ әрқашан көбірек болғанын қалайсың. Спортшылардың мансабы қысқа, сондықтан барынша жұмыс істеп, жоғары гонорарға қол жеткізуге тырысамыз", — деді Дәуітбек.
Нақты сандар құпия сақталады
Қазақстандық файтер сыйақы көлемін ашық айта алмайтынын түсіндірді.
Оның сөзінше, келісімшарт талаптарына сәйкес, қаржылық мәліметтер құпия болып саналады.
"Сандарды атай алмаймын, келісімшарт бойынша бұл құпия ақпарат", — деді спортшы.
Хиросимада бірінші раундта жеңіске жетті
Қаршыға Дәуітбек 18 шілде күні Жапонияның Хиросима қаласында өткен RIZIN Landmark Vol. 15 турнирінде өнер көрсетті. Ол жергілікті файтер Кехэй Хагиварамен кездесіп, қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсірді. Бұл жеңіс Дәутбектің Rizin FF-тегі беделін арттыра түсті.
Қазақстандық спортшының келесі жекпе-жегі де Жапонияда өтеді. Оның қарсыласы танымал жапон файтері Рен Хирамото.
Дәуітбек пен Хирамото арасындағы айқас 10 қыркүйекте Super RIZIN 5 турнирі аясында ұйымдастырылады. Турнир Осака қаласындағы "Кёсера Доум Осака" аренасында өтеді.