Шавкат Рахмоновтың денсаулығына қатысты ақпарат шықты

Бокс шолушысы
Бүгін, 15:15

Спортшының бапкері Эдуард Базров қалпына келу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. 

Sportnews.kz

UFC-де жартылай орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Шавкат Рахмонов  жарақатынан кейінгі реабилитация кезеңінде. DAR Team командасының бас бапкері әрі қазақстандық файтердің бапкері Эдуард Базров Sports.kz сайтына берген сұхбатында Рахмоновтың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. 

Эдуард Базровтың айтуынша, Рахмонов қазір жаттығу залында жұмыс істеп жатыр. Дегенмен оның тізесіндегі жарақат әлі толық жазылмаған.

"Шавкат қазір залда жаттығып жүр. Өздеріңіз білетіндей, оның өте ауыр әрі жағымсыз жарақаты бар. Шавкаттың аяғына қатысты өз қиындықтары болды", — деді маман.

Жаттығу жоспарын 60 пайыз орындай алады

Бапкердің сөзінше, Рахмонов әзірге жаттығу тапсырмалары мен жоспарды толық көлемде орындай алмайды.

"Қазір ол бапкерлік нұсқаулар мен жаттығу жоспарын шамамен 60 пайыз орындай алады", — деді Базров.

Шавкат Рахмоновтың аяғы әлі реабилитацияда болғандықтан, команда жаттығу процесін соған қарай бейімдеп отыр.

Базровтың айтуынша, қазір басымдық боксқа және жалпы физикалық дайындыққа берілген. Бұл - спортшының толыққанды жүктемеге біртіндеп оралуына мүмкіндік береді.

"Қазір біз көбіне бокс пен физикалық дайындық бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге оның аяғы реабилитация жағдайында", — деді бапкер.

Соңғы жекпе-жегінде Иэн Гэрриді жеңді

Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шықты. Ол UFC 310 турнирінде ирландиялық Иэн Гэрримен кездесті.

Бес раундқа созылған жекпе-жекте қазақстандық файтер төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті. Бұл оның кәсіби мансабындағы алғашқы мерзімінен бұрын аяқталмаған айқасы болды.

Реклама
Реклама