Інжу Баққожа әлем чемпионатының қола жүлдесін алды
Бакуде 17 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Қазақ қызы 46 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қола медаль үшін өткен кездесуде ресейлік Алина Барановамен белдесті. Інжу қарсыласынан 8:2 есебімен басым түсіп, ұлттық құрама қоржынына кезекті жүлдені салды.
Баққожа әлем чемпионатындағы жорығын Беларусь балуаны Анастасия Някляеваға қарсы кездесуден бастады. Бұл белдесуде қарсыласын 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді.
Ширек финалда қырғызстандық Аяна Ниязбековаға қарсылас атанды. Белдесу 12:2 нәтижесімен қазақстандық балуанның жеңісімен аяқталды. Яғни техникалық басымдықпен жартылай финалға шықты.
Финалға жолдама үшін өткен кездесуде үнді Сандхия Вишноймен күресті. Тартысты белдесуде 2:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.