UFC файтері бақилық болды
Бразилиялық UFC жауынгері Аллан Насименто 34 жасында қайтыс болды.
UFC-де өнер көрсеткен бразилиялық файтер 34 жасында бақилық болды. UFC ұйымының мәліметі бойынша, 3 тамыз күні аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен спортшы ес-түссіз күйде табылған. Алдын ала болжам бойынша, ол ұйықтап жатқан кезінде жүрек талмасына ұшыраған болуы мүмкін.
Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері файтердің өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын тіркеді.
Қайғылы жағдайдан кейін UFC ресми мәлімдеме жасап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
“Осы ауыр сәтте біздің ойымыз Алланның отбасы, достары, командаластары және барлық жақындарымен бірге”, – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Айта кетейік, ММА мансабында ол 29 жекпе-жек өткізіп, 22 рет жеңіске жеткен және жеті рет жеңілген. Бір айдан сәл астам уақыт бұрын, 20 маусымда бразилиялық спортшы UFC Vegas 119 турнирінде соңғы жекпе-жегін өткізіп, төрешілердің бөлек шешімімен Митч Рапосоға есе жіберді.