Жарнама
Жарнама

Балуандарымыз қазақ күресінен әлем чемпионатының алғашқы күнінде үш алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Бакуде қазақ күресінен әлем чемпионатының алғашқы күнін сәтті аяқтады.

Балуандарымыз қазақ күресінен әлем чемпионатының алғашқы күнінде үш алтын медаль жеңіп алды
instagram.com/qazaqkuresi.kz/

Әлем чемпионаты Бакуде өтіп жатыр

Ересектер арасындағы әлем біріншілігі Baku Sports Hall спорт кешенінде ұйымдастырылып жатыр. Байрақты бәсекеде ерлер мен әйелдер арасында сегіз салмақ дәрежесінен барлығы 16 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасы алғашқы жарыс күнінде-ақ бес медаль жеңіп алды.

55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Рузимон Тугушев әлем чемпионы атанды. Ол финалда тәжікстандық Мобориз Боротзоданы жеңіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Ернұр Сүлейман да алтын медаль иеленді. Отандасымыз шешуші белдесуде грузиялық Джиорджи Инашвилиден басым түсті. 

Қазақстанға алғашқы күндегі үшінші алтынды Жұмажан Қожамбеков әкелді. Ол 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында тәжікстандық Мухамадраджаб Хусейнзодадан басым түсті. 

Қыздар күміс пен қола иеленді

Әйелдер арасындағы бәсекеде де Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалған жоқ. Ардақ Нұрсақ 60 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алды. Ал 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Жанат Қазез әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қазақ күресінен 2026 жылғы әлем чемпионаты 23 тамызда аяқталады. Жарыстың екінші күнінде қалған сегіз жүлде жиынтығының иегерлері анықталады.

Жарнама
Жарнама