Жарнама
Жарнама

Валентина Шевченко UFC 332 турниріндегі жекпе-жектен бас тартты

UFC ұйымының аса жеңіл салмақтағы чемпионы Валентина Шевченко жарақатына байланысты Наталья Силваға қарсы титулдық жекпе-жекке шыға алмайды.

Валентина Шевченко UFC 332 турниріндегі жекпе-жектен бас тартты
instagram/@bulletvalentina

Жарақат алғаны ресми хабарланды

Бұл кездесу 3 қазанда Солт-Лейк-Сити қаласында өтетін UFC 332 турнирінің басты оқиғасы ретінде жоспарланған еді.

Ресми мәлімет бойынша Қырғызстан тумасы жарақатына байланысты UFC 332 турнирінен шет қалды. Әзірге оның орнына октагонға кім шығатыны белгісіз. Бұл туралы кейінірек қосымша ақпарат жарияланады.

Шевченко мен Силваның айқасы бастапқыда басты жекпе-жек болмаған

Жоспар бойынша Валентина Шевченко мен Наталья Силва арасындағы чемпиондық кездесу турнирдің екінші негізгі оқиғасы болуы керек еді.

UFC 332 кешінің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақтағы уақытша чемпиондық белбеу сарапқа салынады деп күтілген. Соңғы мәліметтерде Иржи Прохазка мен Пауло Костаның кездесуі мүмкін екені айтылды. Бірақ ұйымдастырушылардың жоспары өзгеріп, Шевченко мен Силва арасындағы айқас турнирдің басты оқиғасына айналған. 

Тарихи рекордты жаңартуы мүмкін еді

38 жастағы Шевченко үшін бұл мансабындағы 14-ші титулдық жекпе-жек болуға тиіс еді. Мұндай көрсеткіш UFC-дің әйелдер дивизиондары арасындағы рекорд саналады.

Валентина Наталья Силваны жеңген жағдайда UFC тарихындағы чемпиондық кездесулерде ең көп жеңіске жеткен әйел файтер атанар еді.

Валентина Шевченко аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабын 2003 жылы бастады. Ол UFC ұйымында 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

2018 жылы алғаш рет чемпиондық белбеуді жеңіп алып, кейін оны жеті мәрте сәтті қорғады. 2024 жылы ол дивизион чемпионы атағын қайта иеленді.

Қырғызстандық спортшы соңғы рет 2025 жылдың қарашасында UFC 322 турнирінде октагонға шыққан. Сол кездесуде Шевченко қытайлық Вейли Жангты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.

Жарнама
Жарнама