Жарнама
Жарнама

Бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ресейде жекпе-жек өткізеді

Әділет Құрметов (4-1, 1 КО) RCC GAMEBRED турнирінде жұдырықтасу ережесі бойынша өнер көрсетеді.

Бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ресейде жекпе-жек өткізеді
instagram/@akurmetov

Жекпе-жек Челябіде өтеді

Құрметовке үш жекпе-жекте жеңілмеген ресейлік Даниил Школин (3-0) қарсылас атанады. Рейтингтік кездесу 12 қыркүйекте Челябідегі "Трактор" аренасында ұйымдастырылады.

Бұл кеш RCC промоушені мен UFC-дің бұрынғы жұлдызы Хорхе Масвидальдің GAMEBRED лигасы бірлесіп өткізетін ауқымды турнир болмақ.

Әділет Құрметов 2026 жылдың мамыр айында RCC One Round нокаут-шоуына қатысуға өтінім берген. Содан жобада жеңіске жетіп, промоушенмен көптен күткен кәсіби келісімшартқа қол жеткізді.

RCC өкілдерінің мәліметінше, Құрметов бұрыннан осы ұйымда өнер көрсетуді мақсат еткен. Енді ол мыңдаған көрермен жиналатын "Трактор" аренасында дебют жасап, лига матчмейкерлерінің назарына ілікпек.

Даниил Школин – RCC Hard жанкүйерлеріне таныс

Әділеттің қарсыласы Даниил Школин RCC Hard ұйымында бірнеше әсерлі кездесу өткізген. Ол соңғы жекпе-жегінде Эдуард Морозовты төрешілер шешімімен жеңді.

Сонымен қатар ресейлік файтер Саад Сүлеймановтан басым түсіп, Данила "Гатти" Чижов және Леонид Чирков секілді қарсыластармен жұдырықтасқан. Промоушен Школинді соққысы мығым әрі тартысты айқастар өткізе алатын спортшы ретінде таныстырды.

Құрметовтың әуесқой бокстағы жетістіктері

Өскемен қаласының тумасы Әділет Құрметов әуесқойлар арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатын үш рет жеңіп алған.

Боксшының негізгі жетістіктері:

  • Қазақстанның үш дүркін чемпионы;
  • ҚР Спартакиадасының екі дүркін финалисі;
  • 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының қатысушысы;
  • RCC One Round жобасының жеңімпазы.

Құрметов кәсіби бокста бес жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Бір кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Жарнама
Жарнама