Әлем чемпионы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады
WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос-кіші ашық жаттығу өткізіп, қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдындағы дайындығы туралы айтты.
Америкалық боксшы жақында АҚШ-та WBC белбеуін міндетті үміткер Нұрсұлтановқа қарсы қорғайды. Рамос жаттығу жиынындағы тәртібі мен күнделікті дайындығына ерекше мән беретінін атап өтті.
"Мен таңғы сағат бес-алтыда жүгіруге шығамын. Өте көп еңбектеніп жатырмын. Кеше әрқайсысы төрт минуттан тұратын он раунд өткіздік, раундтар арасында бір минут демалдық. Бұл өте қарқынды жұмыс. Бірақ мұның бәрі бір мақсат үшін - осы белбеуді қорғап, қалған титулдарды да жеңіп алу", — деді Рамос.
Нұрсұлтановтың стилін зерттеп жатыр
BoxingScene порталының тілшісі Хесус Рамостан Мейірім Нұрсұлтанов туралы пікірін сұрады. Америкалық боксшы қазақстандықтың стилін негізінен әкесі әрі жаттықтырушысы зерттеп жатқанын айтты.
Ал Рамостың өзі қарсыласына емес, өзінің дайындығын барынша жетілдіруге назар аударып отырғанын жеткізді.
"Мен жұмысымның әрбір элементі мінсіз деңгейге дейін шыңдалғанын қалаймын", — деді америкалық боксшы.
Мейірім Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос-кіші арасындағы жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-та өтеді. Қазақстандық боксшы бұл кездесуге WBC титулының ресми үміткері мәртебесінде шығады.