Мейірім Нұрсұлтанов неге үш жыл бойы рингке шықпағанын түсіндірді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) мансабындағы үш жылдық үзілістің себебін және алдағы жекпе-жегіне дайындық барысы туралы айтты.
Үш жыл бойы жекпе-жек күткен
Жеңіліссіз келе жатқан қазақ боксшы рингке соңғы рет Ташкентте шыққан. Сол кездесуде жеңіске жеткеннен кейін Нұрсұлтанов Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізуді күткенін жеткізді.
Оның сөзінше, келіссөздер мен қарсыласты күту процесі ұзаққа созылып, нәтижесінде рингтен тыс кезең үш жылға жуықтаған.
"Бірақ осы уақыттың бәрінде жаттығуды тоқтатқаным жоқ. Ағаларым сабыр сақтап, шыдауымды айтып, қолдау көрсетті. Қазір АҚШ-қа келіп, келесі жекпе-жекке дайындалып жатырмыз", — деді Мейірім Нұрсұлтанов "СПОРТ МИНИСТРІ" YouTube-арнасына берген сұхбатында.
WBC уақытша чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады
Мейірім Нұрсұлтановтың рингке оралуы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді.
Қазақстандық боксшы америкалық Хесус Рамос-кішімен (24-1, 19 КО) кездеседі. Жекпе-жектің басты маңызы — орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атағының сарапқа салынуы.
Сан-Диегодағы бокс кешінің басты кездесуінде Айзек Крус (28-3-2, 18 КО) пен Нестор Браво (28-3-2, 18 КО) рингке шығады. Олар бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасады.