Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтармен сөзге келіп қалды
Екі спортшы бұған дейін де бір-біріне қатысты пікір білдірді. Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтармен коммерциялық жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін айтқан болатын.
Қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтармен әлеуметтік желіде сөзге келіп қалды.
Елеусінов Instagram парақшасында Тоқтардың суретін жариялап, оған өткір пікір қалдырған.
"Олимпиада чемпионын біреуден төмен санайтын осы хайпқұмарды маған беріңдер. Жарты раунд", – деп жазды.
Осыдан кейін Еркебұлан Тоқтар жауап беріп, бокста Елеусіновтің деңгейі өзінен әлдеқайда жоғары екенін мойындады.
"Мен оған не істегенімді білмеймін. Мүмкін, мені "Мотиватормен" шатастырып жүрген шығар. Оның Олимпиада чемпионы екенін бәріміз түсінеміз. Ол менің деңгейіме түсіп, менімен бокстаспайды ғой. Дәке, егер міндетті түрде мені ұру керек болса, залға келіп ұрып тастасаңыз болады. Ал егер көпшіліктің көзінше жұдырықтасқысы келсе, промоутерлермен келісу керек", – деді Тоқтар.
Елеусінов бұған бір ауыз сөзбен жауап берді:
"Екіжүзді".
Бұл - алғашқы сөз тартысы емес
Екі спортшы бұған дейін де бір-біріне қатысты пікір білдірген. Қаңтар айында Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтармен коммерциялық жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін айтқан. Алайда ол мұндай кездесуден спорттық қызығушылық көрмейтінін де жеткізді.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы. Оның кәсіпқой бокстағы рекорды – 13 жеңіс, 0 жеңіліс. Соның 9-ын нокаутпен аяқтады. Соңғы жекпе-жегін ол 2025 жылдың шілдесінде өткізіп, америкалық Джеймс Бэконды техникалық нокаутпен жеңді. Қазір Елеусінов АҚШ-та тұрады.
Ал Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой бокста 2022 жылдың желтоқсанында дебют жасады. Алматыда өткен алғашқы жекпе-жегінде ол ирандық Амир Яраниді төрт раунд қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңді. Оның екінші кәсіпқой жекпе-жегі 2025 жылдың 25 желтоқсанында Ташкентте өтті. Сол кездесуде Тоқтар поп-ММА өкілі Тимур Никулинді 48 секундта нокаутқа жіберді.
2026 жылы Еркебұлан Тоқтар жұдырықтасу форматында екі рет өнер көрсетті.
- 28 наурызда Hype Asia турнирінде қырғызстандық Марсель Нұрланбекке төрешілер шешімімен жеңілді;
- 4 шілдеде Алматыдағы IBA Nomad 15 турнирінде ресейлік Артем Тарасовты бірінші раундта нокаутқа түсірді.