Қазақстандық боксшылар басты қарсыласымен спарринг өткізді

Жарнама
Жарнама

Бокстан ұлттық құрама Жапониядағы оқу-жаттығу жиынында Азия ойындарына дайындық аясында үндістандық боксшылармен бірлескен спарринг өткізді.

Қазақстандық боксшылар басты қарсыласымен спарринг өткізді
instagram.com/boxingkazakhstan/

Қазақстан мен Үндістан тәжірибе алмасты

Қазақстандық боксшылар Айти мен Нагояда өтетін Азия ойындарының басталуына санаулы күн қалғанда басты қарсыластарының бірі саналатын Үндістан құрамасымен күш сынасты. Бұл туралы қазақстандық бапкер Асқар Еркебаев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Маманның айтуынша, жолдастық кездесу боксшылардың қазіргі дайындығын бағалауға, шеберлігін жетілдіруге және халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

"Қазақстан мен Үндістан құрамаларының матчтық кездесуі. Жолдастық спаррингтер – боксшыларға шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуға және кәсіби деңгейін тексеруге мүмкіндік беретін маңызды дайындық кезеңі.

Негізгі мақсат – шеберлікті арттыру, тәжірибе алмасу және спорттағы достықты нығайту. Спорт – халықтарды біріктіретін күш. Қазақстан мен Үндістан боксшыларына сәттілік!" – деп жазды Еркебаев.

Үндістан – Азиядағы мықты бокс державаларының бірі

Үндістан құрамасы құрлықтағы бәсекеге қабілетті командалардың қатарында саналады. Бұл елдің бокс мектебінен Олимпиада жүлдегері Виджендер Сингх, Азия чемпионы және әлемдік додалардың жүлдегері Амит Пангал, сондай-ақ әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дипак Бхория секілді танымал боксшылар шыққан.

Сондықтан Үндістанмен өткен спарринг қазақстандық боксшылар үшін Азия ойындары алдындағы маңызды сынақтардың бірі болды.

2026 жылғы Азия ойындарындағы бокс бәсекесі Жапонияда 21 қыркүйекте басталып, 2 қазанға дейін жалғасады. Қазақстанның ерлер құрамасы құрлық додасында алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді:

  • 55 келіге дейін – Махмұд Сабырхан;
  • 60 келіге дейін – Оразбек Асылқұлов;
  • 70 келіге дейін – Төрехан Сабырхан;
  • 80 келіге дейін – Сабыржан Аққалықов;
  • 90 келіге дейін – Нұрбек Оралбай;
  • 90 келіден жоғары – Айбек Оралбай.
Жарнама
Жарнама