WBO Жәнібек Әлімханұлына жаңа қарсылас тауып береді
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан Хамза Шираздың жекпе-жектен бас тартып, WBO белбеуін босатуынан кейінгі жағдайға қатысты жаңа мәлімет айтты.
Жәнібек чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Берік Сұлтанның айтуынша, WBO алдағы бірнеше күн ішінде Хамза Шираз босатқан екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеуге қатысты ресми шешім қабылдайды. Менеджер Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі дәл осы титул үшін өтетінін жеткізді.
"Енді, бұйырса, 2-3 күннің ішінде WBO Хамза босатқан чемпиондық белдікті сарапқа салады. Жәнібек сол титул үшін жұдырықтасады. Ал қарсыласы кім болатынын ұйым ресми түрде жариялайды", – деді Берік Сұлтан.
Қарсылас жақын күндері белгілі болуы мүмкін
Әлімханұлының менеджері қарсыластың аты дүйсенбі немесе сейсенбі күні белгілі болуы ықтимал екенін айтты. Одан кейін қарсылас боксшының қай промоутерлік компаниямен жұмыс істейтіні нақтыланып, келіссөздер басталмақ.
Берік Сұлтанның сөзінше, Top Rank тараптармен келіссөз жүргізіп, жекпе-жек келісімшартына қол қоюға кіріседі.
Қазақстандық боксшының командасы барлық келіссөз сәтті аяқталған жағдайда келесі апта ішінде жекпе-жектің өтетін күні мен уақыты да белгілі болады деп күтеді.
"Көңіл күйіміз жақсы. Ең маңыздысы – чемпиондық атақ үшін жұдырықтасамыз. Бұл белбеу бізден алыстап кеткен жоқ", – деді менеджер.
Шираз белбеуді неге босатты?
Хамза Шираздың Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартқаны 18 қыркүйекте белгілі болды. Берілген ақпаратқа сәйкес, британдық боксшының командасы қаржылық шарттарға көңілі толмағандықтан келісімшартқа қол қоймау туралы шешім қабылдаған.
Кейін WBO бұл жағдайды ресми түрде растады. Ұйым Шираздың промоутерлерінен жазбаша хабарлама алғанын және екінші орта салмақтағы чемпиондық белбеудің вакантты мәртебеге өткенін жариялады.