Қазақстанның екі дүркін чемпионы Еуропа алтынына жұдырықтасады
Бұған дейін Қазақстан құрамасының намысын қорғаған, қазір Венгрия атынан өнер көрсететін Владислава Кухта Софияда бокстан Еуропа чемпионатының финалына шықты.
Атақты боксшыны жеңді
Владислава Кухта 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында ирландиялық Микейла Уолшпен кездесті. Тартысты өткен үш раундтың қорытындысында төрешілер жеңісті Кухтаға берді.
Осылайша Қазақстанның бұрынғы өкілі Еуропа чемпионатының шешуші жекпе-жегіне жолдама алып, кемінде күміс жүлде еншілейді.
Финалда ресейлікпен кездеседі
Кухта алтын медаль үшін өтетін айқаста ресейлік Людмила Воронцовамен жұдырықтасады.
Воронцова екінші жартылай финалда түркиялық Эсра Йылдыз Кахраманды 3:2 есебімен жеңді. Кухта мен Воронцова арасындағы финалдық жекпе-жек ертең өтеді.
Қазақстан құрамасындағы жетістіктері
Владислава Кухта Қазақстан құрамасының сапында ел чемпионатын екі рет жеңіп алған. Сонымен қатар 2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленген.
Боксшы 2023 жылдың соңында спорттық азаматтығын ауыстырды. Кухта 2024 жылдан бері халықаралық жарыстарда Венгрия құрамасының атынан сынға түсіп жүр.
Болгарияның астанасында ұйымдастырылған Еуропа чемпионаты биыл алғаш рет World Boxing халықаралық федерациясының қамқорлығымен өтіп жатыр.