Әлем чемпионаты: Боз кілемге шыққан бес бұрымдымыздың бесеуі де жеңілді

Редактор Penalty.kz
23.10.2024, 18:33

Әйелдер арасындағы әлем біріншілігі Албания астанасы Тиранада өтіп жатыр. 

olympic.kz

Албания астанасы Тиранада күрес түрлері бойынша жастар арасында әлем чемпионатында әйелдер арасында сайыстар басталды. Бүгін бес салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық спортшылар боз кілемге шықты. Бірақ ешқайсысы жартылай финалға жолдама ала алмады. 

50 келіге дейінгі салмақтағы Лаура Ғаниқызы америкалық  Сэйдж Мортимерден жеңілді - 4:14.

55 келіге дейінгі салмақта Айнұр Әшімова Отгонтуе Баянмунхтен 2:8 есебімен ұтылды. 

Гүлдана Бекеш (59 келіге дейінгі салмақта) үшін де алғашқы белдесу сәтсіз болды. Ол жапон Химека Токухараға есе жіберді - 7:1.

Бейбіт Сейдуали (68 келіге дейінгі салмақта) америкалық Бруклин Хэйстен айласын асыра алмады - 6:4.

Ал Алина Ертөстік (76 келіге дейінгі салмақта) америкалық Елена Макойедке (АҚШ)  ойсырай жеңілді. Қорытынды есеп - 0:11. 

Енді қазақстандық бұрымдылар үшін бар үміт жартылай финалдар нәтижесінде. Егер отандастарымыздың қарсыластары финалға шықса, біздің қыздар жұбаныш айналымы арқылы «қолаға» таласуға мүмкіндік алады.