Қазақстандық парадзюдошылар командалық есепте топ жарды

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 06:52

Астанада пара дзюдодан әлемдік гран-при мәресіне жетті.

runasport.com

Жалпы есепте бірінші орындамыз. Астанада пара дзюдодан әлемдік гран-при мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 15 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы жиналған болатын. Олар 2 күн бойы, 18 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Нәтижесінде, жалпы командалық есепте қазақстандық қыз-жігіттер топ бастады. Ұлттық құрама қоржынында 6 алтын, 4 күміс және 5 қола бар. Атап айтқанда, J1 санатында Динара Кұтжолова, Абылай Әділбеков және Ерлан Өтепов қарсылас шақ келтірмеді. Ал, J2 санатында Ерлан Конкиев, Жұқамырза Шүкірбеков және әйелдер арасында Айдана Ғазизқызы гран-при жеңімпазы атанды.

Жалпы командалық есептің екінші сатысына бейтарап тудың астында өнер көрсеткен команда жайғасса, Жапониядан келген дзюдошылар үздік үштікті түйіндеді.

Айта кету керек, бұл бәсекедегі ұпайлар Лос-Анджелесте өтетін параолимпиаданың жолдамасына әсер етеді. Астанадағы әлемдік аламанның тағы бір ерекшелігі парадзюдодағы жаңа салмақтар бойынша бәсекелер өтіп, өзіндік сынақ болды.