Геннадий Головкин соңғы рет шаршы алаңға 2022 жылы шыққан болатын.
Промоутер Том Леффлер орта салмақ дәрежесі бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкиннің шаршы алаңға оралуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
"GGG-ға қатысты ешқандай шұғыл ақпар жоқ. Қазір Геннадий әуесқой бокс, Қазақстан ұлттық құрамасы мен Олимпиадалық комитет жұмысымен жүр. Ол осы бағытты таңдады. GGG бокстан кеткені туралы немесе оралатыны жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған емес. "Канеломен" болған үшінші жекпе-жек Геннадий үшін соңғы айқас болды. Содан бері ештеңе сөз болған жоқ. Көбі оның шаршы алаңға оралуын қалайтынын білемін. Бірақ оған қатысты әзірге қандай да бір талқы болған емес", - деді Леффлер.
Естеріңізде болса, отандасымыздың соңғы жекпе-жегі 2022 жылдың қыркүйегінде өткен еді. Сол кезде Головкин төрешілердің бірауыздан шешімімен "Канелодан" жеңіліп қалды. Ал қазіргі таңда Геннадий ҰОК президенті және World Boxing ұйымының төрағасы қызметін атқарады.