"Грузчик те, парковщик те болды": АҚШ-та қайтыс болған қазақ балуанын бапкері еске алды

Редактор Penalty.kz
03.02.2025, 20:12

Еркін күрестен 2014 жылы Нанкинде өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы Мұхамбет Қуатбек былтыр наурыз айында дүниеден өтті. Болашағынан үлкен үміт күттірген балуанның спортты тастап, АҚШ-қа кетуіне не себеп болғанын бұрынғы бапкері Асқар Бақбергенов еске алып, әлі күнге дейін қазасының себебі белгісіз екенін жеткізді. 

RunaSport

Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube-арнасында айтты.

Бапкердің айтуынша, ол марқұмды бала кезінен, яғни 20 келі салмақ бойынша ауылда күресіп жүргеннен білген. Өзі – Түркістан облысы, Төле би ауданындағы Мәдениет деген ауылының тумасы.

"Өзі ерекше боп туған бала. Жарық дүниеге келерінде қатты боран болып, анасы перзентханаға жете алмай, оны ауылда дүниеге әкелген. Өзіне Мұхамбет деген ат қойған. Шариатта да осы есімді ауыр дейді ғой. Жастайынан көзге түсті, келешекте" бұл баладан нәтиже шығады" деп үміт еттік", – дейді Асқар Бақбергенов.

Сөйтіп Қарағандыдағы спорт мектебіне ауысып, сол жақта дайындалған. Нәтижесі де жақсы болған. 2014 жылы Нанкинада (Қытай) өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанған.

"Жарқырап шыққаннан кейін негізі ары қарай жалғастыруы керек еді. Босаңсып кетті… Спорт интернатында бапкер болып жұмыс істегеннен кейін ары қарай онымен бірге ауысу керек. Негізі жүйе сондай, шәкіртіңмен бірге алға жүре бересің. Егер бапкер бір оқушымен кетсе, спорт интернаттағы орнынан айырылады. Спортшы үйленіп не болмаса жарақат алып спорттан кетсе, бапкер орнына қайта келе алмайды. Орнынан айырылады. Сол үшін көп бапкерлер оқушыларын өзге бапкерге береді. Ал ол жақта бапкерлер де әр түрлі келеді. Біреуі – жұмсақтау, енді бірі қаталдау болуы мүмкін. Бірінің айқайы болса, екіншінің үні шықпауы мүмкін. Соған үйренгенге дейін жаттығу процесі бұзылып, күткендей нәтиже шығара алмауы ықтимал" деген бапкер марқұмның бір кездегі сәтсіздігін солай болжады.

Мұхамбет арасында Оңтүстік Қазақстан облысы атынан шыға бастаған.

"Бір кездері ол бізден кетіп, ауылға қайтып барды. Ол жақта Ата-әжесі, әке-шешесі болды. Қандайда бір ұсыныстар түскен болар. Әйтеуір, ауысып кетті. Жастар арасында күресте жүріп Қазақстан чемпионаты, Азиядада 1-2 рет медаль жүлдегер атанды. Ересектер тобына ауысқанда Қазақстан біріншілігінде 2 орын алып, көзге түсіп жүрді. Қатал ұстау керек еді. Дос-жаран бар, шақырады, оларға барады. Режимі бұзылады. Соны көтере алмады", – деді Асқар Бақбергенов.

Бапкердің айтуынша, оның АҚШ-қа кетуіне күнкөрістің қамы болған. Марқұмның шет елге кетіп, жұмыс істеп жүргенін өзгелерден естіген.

"Сол уақытта біздің жастардың көбісі АҚШ-қа кетіп жатты. Бар-жоғы 4 сағат жұмыс істеп, 2 миллион ақша табады дегенді естіп алған. Қазақстанда ондай ақшаны ұту үшін қаншама режим ұстап, қанша дәрумен ішіп, үзбей жаттығу жасау керек. Оның өзінде үштікке ілінсең 200 мың теңге төлей ме, төлемей ме, белгісіз. Осыдан-ақ олар соған қызықты. Мұхамбеттің АҚШ-қа кеткенін естімеппін, кейіннен білдім. Ол 2018 жылы кетіпті. Өзбектің бір балуаны Америкада жұмыс істеп, жаттығып жүріп, еліне оралып, чемпионат ұтып, кейін Олимпиадаға қатысқанын естігенмін. Ол да солай істейді деп ойладым.

Бірақ оған ол жақта жаттығуы да, жұмыс та дұрыс болмаған секілді." Грузчик" те, "парковщик" те болған, "фура" да жүргізген. Өзі алғыр, адаммен тез тіл табысатын. Содан болар қазақтың басқа балалары секілді жұмыс пен жатақхананың ортасында емес, мексикалықтар мен латино- америкалықтармен жақын араласты. Ал олардың арасында қылмыс әлеміне жақыны да бар. Кейін марқұм соларға жақын болды деп естідім", – деді ол.

Мұхамбет Қуатбекке АҚШ-қа соңғы сапарында оған виза берілмеген. Соған қарамастан ол Америкаға Мексика арқылы барған.

"Оның қайтадан АҚШ-та жұмыс істеп жүргенін естіп таң қалдық. Негізі ол діттеген мақсатына жетпей қоймайтын бала еді. Әйтеуір, бір нәтиже шығарады деп ойладық. Өкінішке орай, ақыретке кетіп қалды. Балуанның нақты себебі айтылмады, жабық күйінде қалды", – деді Бақбергенов.