Мексикалық боксшының қалтасына әр секунд сайын 4 мың доллардай ақша түсіп тұрады.
Альварес жаңа келісімшартқа қол қойды: әр жекпе-жек үшін 100 миллион доллар табыс табады
Танымал мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Riyadh Season компаниясымен төрт жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды. Осы келісім аясында ол әр жекпе-жек үшін 100 миллион доллар алады. Бұл туралы TheSportster.com хабарлады.
Альварес YouTube жұлдызы Джейк Полмен ұсынылған жекпе-жектен бас тартып, оның орнына Сауд Арабиясындағы Riyadh Season ұйымымен төрт жекпе-жекке арналған ауқымды келісімшартқа қол қоюды жөн көрді. Сауд Арабиясының Сауық құру басқармасының төрағасы келісімнің жалпы құны 400 миллион долларды құрайтынын мәлімдеді.
Басылымның хабарлауынша, Канело 2025 жылы екі жекпе-жек өткізеді – мамыр және қыркүйек айларында, сондай-ақ 2026 жылы ақпан және қазан айларында тағы екі рет шаршы алаңға шығады.
Сарапшылар бұл келісімді таңғажайып және бұрын-соңды болмаған деп бағалады. Олардың есебі бойынша, әр жекпе-жек толық 12 раундқа созылса, Альварес рингте өткізген әр секундында 3 858 доллар табыс табады.
Айта кетейік, жуырда Сауль "Канело" Альварестің абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткізетін жекпе-жегі ресми түрде жарияланды. Келесі қарсыласы – кубалық Уильям Скалл.
Естеріңізде болса, жақында америкалық атақты промоутер Оскар Де Ла Хойя екінші орта салмақта үстемдік етіп тұрған Сауль "Канело" Альваресті "қатынға" теңеді.