Қазақстандық "Джентльмен" қос ту астында алғашқы жеңіске жетті

Редактор Penalty.kz
20.02.2025, 15:22

"Джентльмен" лақап атымен танымал қазақ боксшысы Темірлан Баймолда кәсіби бокстағы тоғызыншы жекпе-жегін өткізді.

offside.kz

Ол Бангкокта (Таиланд) өткен бокс кешінде жергілікті спортшы Вачаян Кхамонға қарсы рингке шықты. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек барлық алты раундқа созылып, қазақстандық боксшының айқын басымдығымен аяқталды. Баймолда төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.

instagram@tbaimolda

Тоғызыншы жеңіс, кәсіби рекорд жаңарды

Бұл жеңіс оның кәсіби мансабындағы тоғызыншы жеңісі болды. Осылайша ол 9-0, 5 КО көрсеткішіне ие. Ал қарсыласы Вачаян Кхамон 48-ші рет жеңіліске ұшырады, оның еншісінде 12 жеңіс және 1 тең нәтижесі бар.

Темірлан Баймолда үшін бұл қатарынан төртінші жекпе-жек еді. Ол Таиландта өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін Ресейде бір кездесу өткізіп, кейін Нигерия мен Ганада жұдырықтасқан.

Екі елдің ту астында

Астана қаласының 24 жастағы тумасы бұл жолы алғаш рет Қазақстан және Ұлыбритания туы астында рингке шықты. Себебі оның менеджері мен бапкері Тұманды Альбионнан шыққан мамандар.

Қазақстандық "Джентльменнің" келесі жекпе-жегі қайда өтетіні белгісіз.