Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен кештің басты жекпе-жегі ресейлік екі мықты боксшы – Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев арасында өтті. Бұл кездесу жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін ұйымдастырылды.
Бокс кешінің шарықтау шегі болған бұл жекпе-жек толық 12 раундқа созылды. Қазылар алқасы жеңісті Дмитрий Биволға берді. Үш төрешінің шешімі келесідей болды: 114:114, 116:112, 115:113. Осылайша, Бивол кәсіби мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді.
Бұл жекпе-жек Артур Бетербиев үшін ерекше есте қалады. Себебі ол кәсіби бокста алғаш рет жеңіліс тапты. Бұған дейін оның қоржынында 21 жеңіс (барлығы нокаутпен) болған. Ал енді оның рекорды 21 жеңіс және 1 жеңіліс болып тұр. Дмитрий Биволдың еншісінде 24 жеңіс және 1 жеңіліс бар. Айта кетерлігі, қос боксшы да жалғыз жеңілісін бір-бірінен тапқан.
Бұған дейін екі боксшы 2024 жылдың қазан айында дәл осы Эр-Риядта кездескен болатын. Сол жекпе-жекте төрешілер көпшілік дауыспен жеңісті Бетербиевке берген еді (114–114, 115–113, 116–112). Сол жеңістің арқасында Артур Бетербиев абсолютті әлем чемпионы атағын иеленді. Бірақ көп ұзамай екі тараптың келісімімен реванш белгіленді.