WBC Бетербиев пен Бивол арасындағы үшінші жекпе-жекті мақұлдамады және жаңа қарсылас тағайындады

Редактор Penalty.kz
23.02.2025, 12:28

WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) президенті Маурисио Сулейман "Матч ТВ" арнасына берген сұхбатында үшінші Бивол – Бетербиев жекпе-жегінің кейінге шегерілетінін мәлімдеді. Бұл шешімге WBC белбеуі үшін міндетті қарсылас ретінде америкалық Дэвид Бенавидестің бекітілуі себеп. 

matchtv.ru

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен басты бокс кешінде Дмитрий Бивол төрешілердің шешімімен Артур Бетербиевті жеңіп, жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанды. Бұл жеңіс оған барлық негізгі белбеулерді, оның ішінде WBC титулын иеленуге мүмкіндік берді. Бірақ WBC уақытша чемпионы саналатын Дэвид Бенавидес бұл титулға міндетті үміткер болып отыр.

"Бивол керемет өнер көрсетті. Жоғары деңгейдегі техника мен жігер көрініс тапқан тамаша жекпе-жек болды. Үшінші жекпе-жекке келер болсақ, Дэвид Бенавидес – WBC-тің міндетті қарсыласы, әрі ол Бивол мен Бетербиев арасындағы екі жекпе-жекке рұқсат берді. Енді біз осы ерекше кездесуді және таңғажайып бокс кешін атап өтуіміз керек!" — деп мәлімдеді Маурисио Сулейман.

allboxing.ru

Бенавидес – жаңа қарсылас

28 жастағы америкалық боксшы Дэвид Бенавидес кәсіпқой рингте әлі жеңілмеген және 30 жеңіс сериясын жалғастырып келеді. Ал 34 жастағы Дмитрий Биволдың еншісінде 24 жеңіс және 1 жеңіліс бар. Бұл шешім Биволдың келесі жекпе-жегінде жаңа тарихи белесті бағындыруға мүмкіндік береді.