Ризабек Айтмұхан мен Кайл Снайдер арасындағы белдесуді Біріккен күрес әлемі ұйымының президенті бақылайды

Редактор Penalty.kz
Бүгін, 13:03

Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшысы Ненад Лалович PWL-8 турнирінің құрметті қонағы болады.

arena.olimpbet.kz

Бұл жарыс 25 ақпан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді, деп хабарлайды Olimpbet Arena.

Сондай-ақ, Ненад Лалович 24 ақпанда Алматыда өтетін турнирге арналған баспасөз мәслихатына да қатысады.

Өткен аптада Лалович Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. БКӘ басшысы Қазақстанды федерацияның маңызды серіктесі деп атап, ұлттық күрес мектебінің қарқынды дамып келе жатқаны жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандықтардың салауатты ұлт қалыптастыруға деген ұмтылысы спорт пен басқа да салаларда жоғары жетістіктерге жетуге ықпал етеді.

Өз кезегінде, президент Тоқаев Қазақстанның Халықаралық күрес федерациясымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Ол елімізде заманауи дайындық тәсілдерін енгізу мен халықаралық турнирлерді ұйымдастыру осы спорт түрінің танымалдығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Біріккен күрес әлемі ұйымының басшысын Қазақстандағы күрестің дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.