Отандасымыз британдық Goat Boxing менеджерлік компаниясымен келісімге отырды.
Британдық Goat Boxing менеджерлік компаниясы осы уақытқа дейін жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Александр Ковригинмен (8-0, 6 КО) келісімшарт жасасты. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
«Келісімшарт жасалды. Александр Ковригинмен жұмыс істейтінімізге қуаныштымыз. Жекпе-жек сәуір айында өтеді», — делінген аталған компанияның Инстаграмдағы жазбасында.
Дегенмен, Ковригиннің қарсыласы кім болатыны және жекпе-жек қайда өтетіні әзірге жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Александр Ковригин осы уақытқа дейінгі соңғы жекпе-жегін былтыр 20 қаңтарда Германияның Мюнхен қаласында өткізген болатын. Сол кезде ол 42 жастағы румын боксшысы Виорел Симионды (23-13, 9 КО) мерзімінен бұрын жеңген еді.
Бұған дейін алматылық боксшы O1ne Sports атты неміс менеджментінің қолдауымен өнер көрсеткен болатын.